«Қызыл» аймаққа қайта оралған Атырау облысының Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда емделіп жатқан науқастар саны 800 адамнан асты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен тәулікте тағы 101 адамнан коронавирус инфекциясы анықталып отыр. Оның ішінде Атырау қаласында 9 адамнан, Теңіз кенішінде 78 жұмысшыдан коронавирус белгісі табылған.
Ал Жылыой ауданында – 2, Құрманғазы ауданында 12 адам қауіпті індетке шалдыққан. «Науқастардың 12-сінде симптом бар. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясынан 32 адам емделіп шықты. Қазір 321 адам үй жағдайында емделуде. Облыстық инфекциялық стационарда — 95, аудандардағы стационарларда — 39, Теңіз кенішіндегі стационарда — 811 адам ем қабылдап жатыр» деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кенішінде бір тәулікте 144 жұмысшыдан коронавирус анықталған болатын.