Жылыой ауданында «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында жоғарғы және арнаулы оқу орнын тәмамдаушыларды жұмысқа орналастыру жүйелі жүзеге асуда.
Жарты жыл мерзімге мекемелерге уақытша тағылымдамадан өтуге жіберілген жүзден аса түлектің көбі бүгінде тұрақты жұмысқа орналасқан.
Әділхан ҚАБЫЛОВ, Жылыой аудандық Жұмыспен қамту орталығының қызметкері
Жыл басынан бері орталыққа 102 жас тіркеліп, мамандықтарына сәйкес аудан көлеміндегі мекемелерге тәжірибе жинауға жолданды. Күні бүгінге дейін «Жастар тәжірибесіне» қатысушы жас мамандардың 70 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Осы бағдарлама шеңберінде жұмыстар жалғасын табады.
Аяла Мәтжанова – дипломын енді ғана алған жас маман. Ол маусым айында аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, бағдарлама шеңберінде жергілікті мекемелердің біріне тәжірибеден өтуге жіберіледі. Бастапқыда жалпы көмекші міндетін атқарған ол тәжірибе уақыты аяқталған соң экономист ретінде тұрақты жұмысқа қабылданады. Бүгінде кәсіпорынның экономикалық белсенділігін арттыру, кіріс көзін есептеу, қаражаттың нақты жұмсалу бағыттарын бақылау – тікелей Аяланың мойнында.
Аяла МӘТЖАНОВА, жас маман
Бұл бағдарлама біз сияқты тәжірибесі жоқ жастарға, яғни, еңбек өтілі жоқ, жұмыс таппай жүрген жастарға керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Осы бағдарлама бойынша тұрақты жұмысқа және өз мамандығым бойынша орналасқаныма қуаныштымын. Осындай жастарға қолдау көрсететін бағдарламалар жүзеге аса берсін, ал біз жастар өз кезегімізде елімізге қызмет етуге дайынбыз деп айтқым келеді.
Серіктестікте жүз елуден астам адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің бәрі де жергілікті тұрғындар. Олардың әрқайсысының өзіне жүктелген міндеті бар.
Ғалым ЖАҚАШЕВ, серіктестік директоры
Сөздің шындығы, біз осы орталыққа арнайы сұраныспен шығамыз, сол кезде бізге жас түлектерді береді. Яғни, әртүрлі мамандықтар бойынша ұсынады. 2017–2019 жылдар аралығында осы орталық арқылы біздің серіктестігімізде 15 жас түлек тәжірибеден өтті. Осы 15 жас түлектің ішінен тең жартысын ынтасы мен қабілетіне қарай отырып, мамандықтарына орай жұмысқа қалдырдық.
Кәсіпорын өз жұмысын індетке қарамастан бір сәтке де тоқтатқан емес. Осы жылы да сұраныс арқылы бес жұмыссызды тәжірибеден өткізуге келісім беріп, үш маманды тұрақты жұмыспен қамтыды.