Нигерияның Борно штатындағы күріш алқабында кем дегенде 110 фермер қаза тапты. Оларға «Боко харам» экстремистік тобы шабуыл жасады деген күдік бар.
Сенбіде қарулы адамдар Кошобе ауылына мотоциклмен келіп, жұмысшыларды бауыздап өлтірген. Сол күні Борно штатында соңғы 13 жылда алғаш рет жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау өткен еді.
Бабагана Умара Зулум, Борно штатының губернаторы
Біз азаматтық біріккен жұмыс тобында қызмет ететіндер қатарын көбейтеміз. Сонымен қатар, қылмыскерлерге тойтарыс бере алатында қосымша күш жинаймыз.
Өткен айда Борно штатында 22 шаруа қызметкері экстремистердің құрбанына айналған.
Әбубакар Маина, фермерлер ассоциациясының төрағасы
Фермадағы жұмысымыз басталғалы мұндай мәселе туындаған жоқ. Бірақ бұл жолы біз үлкен шығынға ұшырадық. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес. Біз бұл жерде 40-тан аса адамды жерлеп үлгердік. Әзірге қаза болғандардың денесі түгел табыла қоймады. Іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.
«Боко харам» терроршылар тобы Нигерияның солтүстігінде 2002 жылы пайда болып, 2009 жылдан бастап белсенді әрекетке көшкен. Олардың басты мақсаты – елдің билігін басып алу. 2015 жылдың көктемінде «Боко харам» ыдырап, олардың кей құрылымы Ислам мемлекетіне қосылып, «Батыс Африкадағы Ислам мемлекеті» атауын алған.
Бүгінгі күнге дейін содырлар салған ылаңнан 36 мыңнан аса адамның өмірі қиылып, 2 миллиондай тұрғын өз үйлерін тастап қашуға мәжбүр болған.