Күзгі шақырылым бойынша келген жас сарбаздар алғашқы әскери дайындықты бастады. Ал әкімшілік құрам оларға жаңа өмірге бейімделуге көмектесіп, әскери істің негіздерін үйретпек. Биыл еліміздің барлық аймағынан 600-ге жуық боз бала әскер қатарына шақырылды.
Ринат ШАРИПОВ, жас сарбаздар жиынының бастығы
Жастардың алғашқы әскери дайындығын жетілдіру бірнеше кезеңнен тұрады және ол 24 күнге созылады. Оқу-жаттығудың осы кезеңінде сарбаздар әскери қызметтің мәні мен мақсатын меңгеруі, бөлімнің күн тәртібін, регламентін және әскери қызметшілердің жалпы міндеттерін, кезекшілік қызметтің міндеттерін жаттайды. Сонымен қатар, жеке қару-жарақ пен әскери техниканың жалпы құрылымын, жауынгерлік мүмкіндіктерін, дене шынықтыру жаттығуларын орындауды меңгеруі керек.
Атырау гарнизонының әскери бөліміне болашақ барлаушылар шақырылған еді. Олар медициналық және психологиялық іріктеуден өтті. Сондай-ақ, жас сарбаздар үшін тәжірибелі офицерлер мен сержанттар құрамынан алдын ала оқу жиынының әкімшілігі тағайындалды. Әскери өмірге алғаш қадам басқан Айбар Омаров та даярлықты әзірден бастап кеткенін айтады.
Әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде антқа шақыру Тұңғыш Президент күніне орай 1 желтоқсанға жоспарланған. Осы кезден бастап олар өз елінің толыққанды қорғаушысы болып саналады.