Күн суыта салысымен жылыойлықтар жылыту қазандықтарын іске қосып, қыстың қамына кірісуде. Десе де сақтық шараларының қатаң сақталмауына байланысты өртену, табиғи газдан улану жағдайлары жиі орын алып жатады.
Осыған сәйкес аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері еріктілермен бірігіп, қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын бастады. Олар үйді-үйді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Басты мақсат – өрт кезіндегі қайғылы оқиғалардың алдын алу. Жыл басынан бері аудан бойынша жиырма төрт өрт дерегі тіркелді. Оның үшеуі тұрғын-үй секторында болған. Алайда көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмен
Нариман ӨТЕШОВ, Жылыой аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы
Ең бастысы, тұрмыстық жағдайы өте төмен отбасыларға көңіл бөлінуде. Бұл халықтың қорғалмаған тобына жатады. Бұған зейнеткерлер, мүгедектер, аз қамтылған отбасылар, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар жатады. Тұрғын үй секторларындағы өрттерден басқа, автокөліктерде де өрт оқиғалары жиі кездеседі. Көліктердегі өрттердің алдын алу мақсатында жергілікті полиция бөлімі қызметкерлерімен, еріктілермен бірге рейдтік шаралар ұйымдастырылуда.
Жыл сайынғы іс-шарада мамандар басты назарды ауыл тұрғындарына аударуда. Себебі, өрт деректері елдімекендердегі тұрғын үйлерде жиі тіркеледі. Мәселен, осы айдың ортасында ауданға қарасты Қара арна ауылдық округінде 17 адам көмірқышқыл газына уланып, ауруханаға жеткізілген. Оның он төрті – бала.