Жылыойлық тәртіп сақшыларының ұйымдастыруымен «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» үш күндік акция өтті. Осы уақыт ішінде аудандық полиция бөлімшесінің сенім телефонына алты әйелден хабарлама түскен.
Шағымданушыларға дереу құқықтық кеңес беріліп, Атырау қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған «Пана» дағдарыс орталығына жолдама берілуі тиіс еді. Алайда белең алған індетке байланысты медициналық сараптамадан өткен жәбірленушілердің тест нәтижелері вирустың барын көрсетіп, аталған орталыққа орналастыру мүмкін болмады.
Рысты МҰҚАНОВА, Жылыой аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы
Жергілікті атқарушы органдармен, жастар ұйымының волонтерлерімен бірлесіп іс-шаралар өткізілді. Онда тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, брошюралар таратылды.
Акция барасында бес әйел 102 желісіне хабарласқан. Жергілікті полицейлердің сөзінше, олар күйеулерінен таяқ жеп, жеңіл жарақат алғандар. Біреуі арыз беруден бас тартып, қалған төрт арызданушының шағымдарына байланысты әкімшілік хаттама толтырылды. Ауданда отбасылық жанжал, ажырасу жағдайлары карантинге байланысты көбейген.