Маңғыстаудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент жергілікті бизнесмендермен жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын 19 келісім жасасты. Бұл кәсіпкерлерді әкімшіліктің заңсыз қысымынан қорғайды.
Әкімшілік кедергілерден шаршағандардың бірі – Данияр Тұрғынов. Екі жыл бұрын құс шаруашылығын дамытуды қолға алған ол агенттікпен шартқа отырған соң ғана қорқыныш пен күдіктің қою бұлты сейілгенін айтады.
Данияр ТҰРҒЫНОВ, кәсіпкер
Бизнесті дамыту жолында кедергіге көп ұшырадым. Қолға алған жобаны жүзеге асыруда әкімшілік қиындықтар туындады. Өзім құс шаруашылығымен айналысамын. Қазір осы аумақта сағатына 10 тонна комбикорм шығаратын зауыт салып жатырмын. Агенттікпен келісім-шартқа отырдым. Енді ісім оңтайлы болады деген ойдамын.
Кәсіпкерлікті заңсыз әкімшілік қысым мен кедергілерден қорғау – басты мақсат. Енді департаменттегілер бизнесмендерді мемлекеттік орган тарапынан туындайтын қандай да бір кедергіден қорғамақ.
Ерлан СИСЕНОВ, Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің өкілі
Қыркүйек айында кәсіпкерлермен үш келісім жасалды. Оның екеуі ауылшаруашылығын дамыту бағытында болса, біреуі құрылыс саласы. Егер де болашақта мемлекеттік орган тарапынан қандай да бір кедергілер туындаса онда департамент өкілдері заң шеңберінде әрекет етеді.
Бұл дегеніміз – кәсіпкерлер тарапынан туындаған әр мәселені реттеуде құқықтық көмек көрсетіледі деген сөз. Тіпті, қағазбастылықты да азайтуға сеп болмақ.