Әскерде бір жыл қызметін өтеген 70 сарбаз отбасы-ошақ қасына қайтты. Осыған орай «Батыс» өңірлік қолбасшылығының барлық әскери бөлімінде жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі өтті.
Жиында сөз алған офицерлер мен бөлім сарбаздары, сондай-ақ, Қарулы Күштердің ардагерлері оларға мықты денсаулық пен отбасыларының амандығын тіледі.
Әскери қызметшілер жыл бойы жауынгерлік қызметтің қыр-сырын меңгерді. Нақтырақ айтқанда, күнделікті дайындықтар, арнайы оқу-жаттығулар мен кешенді тексерулерге қатысу арқылы шыңдалды. Қызметтен босатылып жатқандар арасында келісімшартқа сәйкес әскери қызметті жалғастырам деп шешкендер де бар.
Борис ДЕМИН, қатардағы жауынгер
Әскерде мерзімді қызметтің сарбаздарына жақсы қарады, әрқайсысымыздың «жауынгер досымыз» болды. Офицерлер мен сержанттар әрдайым көмектесіп, оқытып тұрды.
Әскерде үлгілі тәртіп көрсеткен, даярлықтарда жоғары көрсеткішпен көзге түсіп, өз қызметін адал атқарған сарбаздарға грамота мен алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды. Бірнеше әскери қызметшіге әскери атақ да берілді.