Индерде психикалық және сөйлеу қабілеті тежелген, аутизмі бар, сал дертіне шалдыққан балаларды қолдау мақсатында арнайы сынып ашылды. Мұндағы мақсат – ерекше жаралған балалардың елмен бірге білім алуына жағдай жасау. Әзірге бір классқа 10 бүлдіршінге дейін қабылдайтын мүмкіндік бар.
Арайлым НҰҒМАНОВА, «Инклюзия Болашақ Атырау» ҚБ төрағасы
Атырау қаласында бірнеше мектепте дәл осындай инклюзивті қолдау сыныптарын аштық. Ерекше балалардың қалыпты дені сау балалардың қатарында білім алуға мүмкіндік жасау мақсатында. Яғни, қатарынан қалған балалалар дені сау қалыпты балалармен бірдей деңгейде білім алады. Әр баланың әрекетіне, даму деңгейіне байланысты жеке-жеке бағдарлама жасалады. Яғни, баланы қоғамға қосу – басты мақсат.
Ұйымдастырушылар бұның ең алдымен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға үлкен қолдау екенін айтады. Тумысынан тағдыр тауқыметін тартқан бүлдіршіндер үшін педагог-психолог мамандар жұмылдырылған. Олар демеушілердің көмегімен арнайы курстан өтті.