Маңғыстау облысында 17 тамыздан бастап 24 мониторинг тобы жұмыс атқарып жатыр. Нәтижесінде, барлығы 645 рейд жүргізіліп, 1 009 нысан тексерілді. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығындағы брифингке келген Маңғыстау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуевтің сөзіне сілтеме жасап МаңғыстауМедиа хабарлады.
Рейд барысында 108 нысанда заңбұзушылық анықталып, 57 (12 жеке кәсіпкер, 44 жеке тұлға, 1 заңды тұлға) 6 миллион теңгеге жуық айыппұлды қамтитын әкімшілік хаттама толтырылды. Алдағы уақытта карантин талаптарын екінші қайтара бұзған тойхана, мейрамхана иелерінің кәсібі біржола жабылу мүмкін.
Осыған байланысты Ведомствоаралық комиссия отырысында карантин арнайы заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерілді. Оған кей өңірлерде отбасылық мерекелер ұйымдастырып әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлердің карантин талаптарын екінші мәрте сақтамауы себеп болып отыр. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, Маңғыстауда соңғы 20 күнде бекітілген ережеге бағынбаудың 27 дерегі тіркелген.