Шетелден әкелінген көліктерге диагностика жасап, тексерістен өткізу 28 мың теңге тұрады. Егер бақылау барысында ақау табылса, көлігіңізді жөндетуге тура келеді. Орталық мамандарының айтуынша, армяндар көліктердің рөл ауыстыру жұмыстарына салғырт қарайтын көрінеді. Өйткені, мұнда келетін көліктердің 100 пайызы бір келгеннен тексерістен өте қоймайды.
Рөлі оңнан солға ауысқан армениялық темір тұлпарлардың сары нөмірді алудағы сарсаңы бітер емес. Себебі мұндай автокөліктерде ақау көп. Бұған дейін атыраулық жүргізушілер рөлі ауыстырылған көлікке рұқсат алу үшін басқа облысқа баратын мүмкіндіктің жоғын айтып, шу шығарған еді. Дегенмен өңірде арнайы орталық ашылса да, әу баста наразы болғандардың тіркеуге асығатын түрі жоқ. Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығына содан бері қауіпсіздік куәлігін алуға алпысқа жуық автокөлік иесі келген. Алайда темір тұлпарлардың бірде-бірі мемлекеттік стандартқа сай келмейді. Орталықтағылар кемшіліктерді көрсетіп, жөндеуге жібергенімен, соның тек он шақтысы табылған ақауды түзетіпті.
Нұрлан ОРЫНБАЕВ, Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы АОФ директоры:
Біз өткізбейтін себебіміз мемлекеттік стандарт 14-18 стандартқа сәйкес болмағаннан кейін біз өткізбей тұрмыз. Әр машинада Армениядан келген автокөліктердің бәрінде орташа проблемалар сол фарасы бар, рулевой колонкасы бар, астында рулевой тягасы бар соның бәрі адам өмірлікке қауіпті, сол себепті стандартқа сай болмағаннан кейін, сәйкестігі болмағаннан кейін оларға рұқсатты бермейміз.
Армениядан өңірге алты мыңға жуық темір тұлпар әкелінген. Оның үштен бірінің басқару рөлі өзгеріске ұшырағандар мен өз қалпындағы оң рөлді машиналар. Қазір сары нөмірге рұқсат алғандардың бәрі дерлік қауіпсіздік куәлігін өзге облыстардан алған.
Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВ, Атырау облыстық ПД ӘП басқармасының бастығы:
—Сатылып кеткені бар, жарамсыз болып қалғаны бар, біз қазір 1200 автокөлік тіркеуге жатады деп есепке алып отырмыз. Осының шамамен 310 автокөлік тіркеуден өтіп отыр.
Шетелден алған көлігін сатып, жаңа иесіне заңдастырып бермей жүргендер де баршылық. Оған қоса, жетпістей автокөлікті кіргізген он шақты адамның дүниеден өтуіне байланысты мәселе мұрагерлер арқылы шешілмек. Айта кетейік, сары нөмірді алу уақыты алдағы жылдың наурызына дейін ұзартылды.