Әскери теңізшілер Каспий теңізінде жиын-жорық жасады. Олар «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа» және «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемелерімен көк теңіздің қазақстандық бөлігін шолып өтті. Экипаждар тапсырма орындау барысында жүзу аймағын зерттеп, әуе мен суүсті нысаналарын қатар назарға алды. Осылайша, теңіз әскері жауынгерлік оқу-жаттығуларды пысықтады.
Сәкен БЕКЖАНОВ, ҚР әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы
Мұндай жорықтар жеке құрамға тәжірибелік және теориялық дағдыларды игеруге, кемелер экипаждарының теңіз машығы деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Контр-адмиралдың айтуынша, кеме экипаждары қойылған міндеттерді толық орындап шықты. Жаттығудан бұрын су көліктері мұқият тексеріліп, техникалық дайындықтан өткен. Бұған дейін Қазақстанның әскери теңіз күштері маусым айында жиын-жорыққа шыққан болатын. Жыл басынан бері әскери кемелер теңізге 27 рет шығып, 6200 миль қашықтықты жүріп өткен.