Өкімет басшысы 2025 жылға дейін еліміз бойынша 25 мың шақырым жолды жөндеуден өткізу жөнінде тапсырма жүктегелі Индер ауданында қызу жұмыстар басталып кетті. Әсіресе, 3 486 халық мекен ететін Елтай ауылында жаңадан жолдар салынып, ауыл тұрғындары қуанулы.
Нәсіпқали САҒЫНОВ, Елтай ауылының тұрғыны
Осы жол мәселесі бұл енді көптен бері ауылымызда әңгіме болып келе жатқан өте бір өзекті мәселенің біреуі еді. Осыған дейін газ, су, свет мәселесі ауылымызда бар. Жағдай жаман емес жақсы. Жол мәселесі үлкен проблема болды.
Аудан ішіндегі 364,9 км жолдың 82 шақырымы республикалық маңызы бар Атырау–Орал тасжолына тиесілі. Ал ауданда 80 километрге созылған Атырау–Индер тасжолынан басқа 65 мың метр жол ғана асфальтталған. Қалғанын жыл соңына дейін бітіру атқарушы биліктің басты міндеті болып отыр.
Ақтілек МУСАҒАЛИЕВ, аудан әкімінің орынбасары
Индербор кенті бойынша қазіргі таңда 53 көшені қамтитын ұзындығы 22 шақырым болатын автокөлік жолдары сонымен қатар 14 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолдары күрделі жөндеуден өткізілуде. Қазіргі таңда жол төсеу жұмыстары толықтай аяқталды. Қазір тек жолдың жиектерін жөндеу сонымен қатар жол белгілерін орнату жұмыстары орындалып жатыр. Аталған жұмыстардың барлығы қараша айының аяғына дейін бітеді деп жоспарлануда.
Жол салумен қатар, кенттегі екі көшеге орташа жөндеу жұмыстары атқарылып, 13 жаңа аялдама орнатылу үстінде. Осының арқасында 876 азамат аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы екі қолға бір күрек тауып отыр.