Жайықтың оң жағалауы шаһардың шырайын келтіргенмен, сол жағалаудың көптен бері қараусыз қалғаны байқалады. Келіссіз көріністі қала басшылығы да байқаған. Қазір әкімнің тапсырмасымен орталық көпірден Тұрғындар қалашығына дейінгі тазалық жұмыстарын жүргізуге «Атырау Су арнасы» мен «Спец автоваза» ЖШС тартылған. Мамандар қолға алынған істің аяқталып қалғанын айтады.
Александр ПАСТУХОВ, «Атырау Су Арнасы» КМК баспасөз хатшысы
Барлығымыз жағалаудың қандай жағдайда болғанын білгендіктен ең бірінші қоқыс шығару жұмыстарын қолға алдық. Онымен қоймай, жағадағы ескі құрылыстардан қалған арматура, бетон секілді қалдықтарды ретке келтіруге белсене кірістік. Қазір атқарылып жатқан іс аяқталуға жақын, тіпті бітірдік десек те болады.
Мәреге жет те , көшет ек
Мәреге жет те, көшет ек. Мұндай ерекше акцияның өтуіне алматылық әуесқой спортшылар мұрындық болған. Қазақстанның 18 қаласына ағаш егіп, әрі әр шаһарда 42 шақырым жүгіруді жоспарлаған жоба белсенділері марафонды алғаш болып Талдықорған қаласынан бастағанын айтады. Сондай-ақ, осы шара арқылы қазақстандықтардың назарын экологиялық мәселелерге аудармақшы.
Дмитрий КИМ, жобаға қатысушы
Біз жүгіру арқылы адамдардың назарын аудартамыз. Олар өзгелердің қиындықтарға қарамастан еңбектенгенін көрсе, ерекше шабыт алады деп ойлаймын. Осылай ғана көпшіліктің экологиялық мәселеге мән беруіне сеп боламыз.
Ғалым ЧУАШЕВ, қатысушы
Сенің ақылды не ақымақ, бай не кедей екеніңе қарамастан, қоршаған орта ортақ. Келешек ұрпағымызға қалдырар асыл мұрамыз – табиғат екенін естен шығармаған жөн. Экология болмаса – ештеңе болмайды!
Әр қалаға барған сайын марафоншыларға жергілікті спортшылар қолдау танытқан. Атыраулық желаяқтар да бұл дәстүрден жаңылмады. Қонақтардың жүгіруіне жаңарған жағалау таңдалса, ағаш егуге «Ретро-саябақ» ыңғайлы болды.
Алматы шаһарына жоспарланған соңғы кезеңді қосқанда, барлығы 760 шақырымды жүгіріп өтетін марафоншылар күллі Қазақстан бойынша шамамен мың көшет отырғызбақшы.