Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына орай ұйымның жергілікті өкілдері марапатталды.
Облыстық әкімдікте өткен салтанатты рәсім өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетовтың алғы сөзімен басталды.
Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ, Атырау облысының әкімі:
Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынастарды үйлесімді етуге құрылған болатын. Қазақстандықтардың этникалық, әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан халық даналығы бірліктің қалыптасуына үлкен бастама болды.
Іс-шара барысында Ассамблеяның аяққа тұруына атсалысқан ардагерлерге, этно-мәдени бірлестіктердің басшыларына және қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласқан азаматтарға 18 медаль табысталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы осыдан 25 жыл бұрын азаматтық және мемлекеттік институттардың өзара байланысу тиімділігін арттыру мақсатында құрылған еді. Оның құрамына Қазақстанда тұратын барлық этникалық топтардың өкілдері кіреді. Қазіргі уақытта Атырау облысында 20 этно-мәдени бірлестік тіркеуде тұр.