Атырау облысында Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Қашаған кен орнының газын өңдейтін зауыт салынады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Қашаған газ өңдеу зауытының құрылыс жобасы шикі газды жағудың және кері айдаудың орнына оны қайта өңдеудің ұлттық бағдарламасы аясында іске асырылады. Жаңа зауыт жылына 1 млрд. текше метрге дейін газ өңдейтін болады. Сондай-ақ, бұл Қашаған кен орнында мұнай өндіруді 12 млн. тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
Газ өңдеу зауытының құрылысын ҚР Үкіметі бекітіп, оған инвестор ретінде «GPC Investment» ЖШС компаниясы тартылған. Бұдан басқа жобаны іске асыру үшін жетекші отандық және шетелдік мамандар тартылады. Жобаны қаржыландыру инвестордың өз есебінен және қаржы институттарының қаражатын тарту есебінен жүзеге асырылатын болады.
Жобаның техникалық жетекшісі Болат Сақтағановтың мәліметінше, жобаланған жұмыстардың учаскесі Мақат ауданының аумағында орналасқан елдімекендерден алыс маңда болады. Зауыт Атырау қаласынан 60 шақырым, ал аудан орталығы Мақат кентінен солтүстік-шығысқа қарай 63 шақырым қашықтықта орналасқан. Құрылыс кезеңінде, кейін пайдалану кезеңінде зиянды заттардың шығарындылары, қалдықтардың мөлшері барлық санитарлық нормаларға сәйкес келетін рұқсат етілген мәндер шегінде болмақ.
Құрылыс құнына әсер еткеніне қарамастан, атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту бойынша ең озық технологияларды пайдалану туралы шешім қабылданып, атмосфераға күкіртті ангидрид сияқты зиянды газдың шығарылуын болдырмауға мүмкіндік беретін SCOT технологиясы қолданылды. Сондай-ақ, BASF және Dow Chemical сияқты танымал әлемдік фирмалардың озық технологияларын пайдалану көзделген. Корпусы шудан, желден, жылу радиациясынан, көрінетін оттан қорғауға арналған жабық түрдегі алау қондырғысы қолданылады.
Жобаға су қолданыстағы «Астрахан–Маңғышлақ» су таратқышынан алынады. Газ өңдеу зауытының құрылысында 2 500-ге дейін, кейін пайдалану кезеңінде 600-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ.