6 қыркүйек күні Жылыой ауданының 1973 жылы туған тұрғыны жылқы іздеуге шығып, із-түзсіз жоғалған еді. Аталған факті бойынша Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды.
Жоғалған азаматтың жүрген жерін анықтау мақсатында облыстық полиция және төтенше жағдай департаменттерінің қызметкерлерімен қатар еріктілер аумақты аралап, іздеу жұмыстарын жан-жақты жүргізді.
Нәтижесінде, бүгін таңертең полиция қызметкерлері Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 100 шақырым жердегі Қырықмылтық кен алаңында 15-20 метр тереңдіктегі шұңқырдан жоғалған азаматтың денесін тапты.
Қылмысқа күдікті ретінде бұрын сотты болған 38 жастағы Жылыой ауданының тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 99-бабы адам өлтіру ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.