Атырауда ірі мұнай компаниялары өңірді көгалдандыруға дұрыс көңіл бөлмей отыр. Олар өздерінің санитарлық қорғау аумағын ғана жасылдандырып, қалғанына қолды көңіл аудармайды.
Ірі мұнай компаниялары шоғырланған шаhарда экология мәселесі қашанда өзекті. Бірақ іс жүзінде оған мән берілмей тұр.
Қадыржан АРЫСТАН, Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
– Шындығын айтқанда, ірі компаниялар көгалдандыруға миллиондап ақша бөлініп жатқан жоқ. Бұлар табиғат қорғау шараларына өзіндік жоспары бар. Бұлар экологияға бөлген ақша деп көбіне өз технологияларын жаңартады. Тазарту қондырғыларын іске қосады. Соның бәрін экология бағытына жұмсалып жатыр деп есептейді. Бірақ жасылдандыру деп бөліп айтпайды.
Өткен жылы экологияны бүлдіргені үшін өндірістік компанияларға 10 млрд теңгеден астам айыппұл салынған. Енді биылдан бастап, айыппұл төленбей, ластанған жер қалпына келтірілуі тиіс. Бірақ жер қойнауын пайдаланушылар мұнайлы аймақтың сортаң жеріне шөп шықпайды деп шағымданды.
Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ, «Теңізшевройл» ЖШС Үкімет және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері:
– Бұл іс пайдасыз. Жер тұзды. Тек 7 процентке ғана мүмкіндік бар. Біз санитарлық қорғау аумағын көгалдандыруға бөлінетін қаржыны халық шоғырланған елдімекендерге ағаш отырғызып, саябақ салуға жұмсағымыз келеді. Сол жақты көгалдандырайық. Кезінде әкімдіктен қолдау болды, бірақ министрлік жауап бермей отыр.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қазір көгалдандырудың басты мәселе екенін алға тартты. Ол бойынша нақты жоба дайындап, меморандумға қол қою керектігі айтылды.
Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ, Атырау облысының әкімі:
– Қарашада жұмыстар басталуы керек. Бір жылда нәтиже шығарасыздар деп сіздерге ешкім міндеттемейді. Бірақ бір гектар жерге емес, жоспарлы көгалдандыру жұмыстары жүргізілу керек. Нақты жоспар жасақтаңыздар. Тек қағаз үшін істемей, халық үшін қолға алыңыздар. Ел-жұрт жасалған жұмыстың нәтижесін көру қажет. Экологияның жақсарып келе жатқанына көз жеткізу керек.
Жиында кәсіпорындардың төтенше жағдай кезіндегі ахуалы да қаралды. Атқарылған істер мен қызметкерлердің жұмыспен қамтылуына баға берілді. Панедмия кезінде АМӨЗ, НКОК, КИПИАЙ компанияларында қысқарту болмаған. Ал Теңіз қалашығында жыл басында 45 мың жұмысшы болса, қазір соның тек 18 мыңы қызметте. Бүгінде барлық компания санитария нормаларын қатаң сақтай отырып, жұмыстарын жандандырып жатыр. 8 айдың қорытындысымен жоспар 100 пайызға орындалған. Бұл мұнай өндірісіндегі мекемелер өңірдің әлеуметтік жағдайына да қол ұшын созып отырғанын көрсетеді.