Caspianlife, 7 қыркүйек. Маңғыстау облысында балық шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар жаңа жоба қолға алынбақ. Соның бірі – Аташ елді мекенінде балықты терең өңдейтін цех ашу. Бұл туралы Түпқараған ауданында өткен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының көшпелі отырысында айтылды.
Жобаны Форт-Шевченко қаласының тұрғыны Жандарбек Жанғожин жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Кәсіпкердің айтуынша, цехты келесі жылдың наурыз айында іске қосу көзделген. Сонымен қатар жоба аясында екі кеме сатып алынған. Қазір олар жөндеуден өтіп жатыр. Кемелерді жыл соңына дейін толық қалпына келтіріп, келесі жылы теңізге шығару жоспарланып отыр.
Кәсіпкер алдағы уақытта балықты өңдеумен қатар, торлы қоршамаларда балық өсіру бағытын да дамытуды көздейді.
Өңірде балық шаруашылығына инвестиция тарту жұмыстары да жүргізілуде. 2025 жылы салаға 2,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал кәсіпорындарға жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 3,8 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.
Қазіргі таңда Каспий теңізінің акваториясында 37 кәсіпшілік балық аулау учаскесі белгіленген. Оның 29-ы 16 субъектіге бекітілген.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Мақсат Ырзахановтың айтуынша, саладағы жаңа жобалармен бірге шешуді қажет ететін мәселелер де бар. Сондықтан тұрақты комиссияның отырысында өткен жылы атқарылған жұмыстармен қатар, алдағы кезеңдегі жоспарлар мен проблемаларды шешу жолдары талқыланды.
Маңғыстауда кәсіпшілік балық аулаумен бірге тауарлы балық өсіру бағыты да дамып келеді. Былтыр өңірде 77 тонна балық өндіріліп, Каспий теңізіне бекіре тұқымдас балықтардың 52 874 шабағы жіберілген.
Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашевтың айтуынша, сала екі негізгі бағытта дамиды. Олар – кәсіпшілік балық аулау және аквашаруашылық, яғни балықты жасанды жағдайда өсіру.
Өңірде балық аулау кәсібінің тарихи дәстүрін қайта жаңғырту да жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, өткен ғасырда Маңғыстауда «Маңғышлақ рыбфлот» кәсіпорны жұмыс істеп, Каспийден килька аулаған.
Ендігі мақсат – теңіз флотын көбейтіп, килька аулау көлемін жылына 10 мың тоннаға дейін және одан да жоғары жеткізу.
Жиын қорытындысында балық шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, аквашаруашылықты кеңейту, балық өнімдерін терең өңдеу өндірісін дамыту, теңіз флотын жаңғырту және дәстүрлі балық аулау кәсібін қайта жандандыру мәселелері көтерілді.
Ұсыныстар жинақталып, алдағы уақытта Құрылтайдың қарауына жолданбақ.
Аружан СИСЕНОВА, Ақтау

