CaspianLife, 27 тамыз. Биыл Атырауда тарихи-мәдени мұраны зерделеу және қорғау бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Жыл басынан бері 41 ескерткіштің қорғау аймағы белгіленіп, 171 тарихи-мәдени нысанға мониторинг жүргізілді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Экспедициялық топ 20 күн бойы Қызылқоға, Құрманғазы, Индер және Исатай аудандарын аралап, нысандардың жай-күйін зерделеді. Нәтижесінде Қызылқоғада 90, Құрманғазыда 40, Индерде 34, Исатайда 7 нысан тексерілді.
Сонымен қатар 100 нысанға сараптама жүргізіліп, оның 80-іне ескерткіш мәртебесін беру туралы шешім қабылданды.
Қорғау аймақтарын белгілеу жұмыстары да жалғасын тапты. Биыл 41 ескерткіштің аумағы белгіленді. Бұған дейін облыстағы 180 ескерткіштің қорғау аймағы бекітілген.
Мамандардың айтуынша, ендігі міндет – қорғау аймақтары белгіленген нысандардың кадастрлық және жоспарлау құжаттарын рәсімдеп, оларды тарихи-сәулет тірек жоспарлары мен карта-схемаларына енгізу.

