Caspianlife, 27 тамыз. Астанада өткен тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесінде реформаларды тек реформа жасау үшін, яғни нақты мазмұны мен тиімділігі дәлелденбестен жүргізуді тоқтатуды талап етті.
Нәтижесіз өзгерістер
Педагогтермен кездесуде Мемлекет басшысы білім беру саласында кезекті ауқымды реформаны сылтау етіп, қысқа мерзім ішінде бүкіл жүйені түбегейлі өзгертуге болмайтынын айтты.
«Бұрынғы өзгерістерден қалған келеңсіз нәтижелер осы маңызды саланы әлсіреткенін білеміз. Мұндай эксперименттер білім беру жүйесіне үлкен зиян келтірді. Реформа деген аты ғана бар, нақты мазмұны жоқ өзгерістерді реформа үшін жүргізуді тоқтату қажет», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, реформалар мен өзгерістер қажет. Алайда олар мұғалімдерді толық қажытып, күйзеліске ұшыратпауы тиіс.
Мектептен мамандыққа дейінгі бірыңғай жүйе
Президент мектептерде 18 жастағы оқушылардың білім алу мәселесін көтеріп, бұл жүйені қайта қарауды ұсынды. Оның орнына мектептен бастап кәсіби даярлыққа дейінгі бірыңғай жүйе қалыптастыру қажет екенін атап өтті.
ЖИ қызығушылық үшін емес, табыс көзіне айналуы керек
Тоқаев білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның пікірінше, технологияны жай қызығушылық үшін қолданбай, оны практикалық тұрғыдан табыс көзіне айналдыру қажет.
Үкіметке орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларында жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай стандартын енгізу тапсырылды.
Әлеуметтік желілер және балаларды қорғау
Балалардың психологиялық және эмоционалдық тұрақтылығына тоқталған Президент:
«Балалардың психологиялық және эмоционалдық тұрақтылығын қорғау жауапкершілігін тек ата-аналарға жүктеуге болмайды», – деді.
Сондай-ақ Үкіметке контентті сүзгілеу шараларын күшейтуді тапсырды. Бұдан бөлек, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу мәселесін Құрылтайдың алғашқы сессиясында қарауды ұсынды.
Оқулықтардағы қателер және мұғалім тапшылығы
Оқу әдебиеттеріне жүргізілген толық сараптама барысында шамамен 700 өрескел қате анықталған.
Еліміздегі мектептерде әлі де 5 мыңнан астам мұғалім жетіспейді. Сонымен қатар биыл 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік грант иеленген.
Президент кадр тапшылығын жоюмен қатар педагогтердің біліктілігін арттыруға басымдық беруді тапсырды.
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова:
«Шағын жинақты мектептерде 1 400 мұғалім жетіспейді. Жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндер бойынша да тапшылық бар. Ауыл мектептерінде физика, химия, биология және математика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Сонымен қатар оларды даярлау мәселесін Жоғары білім министрлігімен жедел қарастырдық. Инклюзия саласында да дефектологтар тапшы. Оларды жеделдетіп даярлау мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді.
Президент мектеп құрылысын жалғастыру, ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасы арасындағы алшақтықты азайту және жаңа форматтағы мамандарды даярлаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру қажеттігін де атап өтті.
Конференция барысында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан педагогтер марапатталды.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

