Caspianlife, 19 тамыз. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2026 жылдың алғашқы алты айындағы аралық шоғырландырылған қаржылық есептілігін жариялады. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, өндіріс көлемінің төмендеуіне қарамастан, компанияның негізгі қаржылық көрсеткіштерінде айтарлықтай өсім байқалған.
Компанияның қаржылық көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп отыр. Есепті кезеңде «ҚазМұнайГаздың» кірісі 5 трлн 568 млрд теңгеге жетті. Бұл 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы 4,5 трлн теңгелік көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Пайыздар, салықтар, тозу және амортизацияға дейінгі пайда (EBITDA) 1 трлн 655 млрд теңгеге дейін өсті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1 трлн 142 млрд теңге болған.
Қауымдастырылған және бірлесіп бақыланатын компаниялардағы үлестерді ескере отырып есептелген таза пайда 69 пайыздан астам өсіп, 904 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 534 млрд теңге болған. Түзетілген таза пайда да өсіп, 867 млрд теңгеге жетті. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ол 660 млрд теңгені құраған еді.
Компанияның қарыз жүктемесінде әртүрлі өзгерістер байқалады. 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша «ҚазМұнайГаздың» жалпы міндеттемелері өткен жылдың желтоқсан айының соңындағы 3 трлн 522 млрд теңгемен салыстырғанда 3 трлн 411 млрд теңгеге дейін төмендеді.
Сонымен қатар таза қарыз көлемі айтарлықтай өсіп, 375 млрд теңгеден 983 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұл – 162,2 пайыздық өсім. Компанияның түсіндіруінше, өсім «Самұрық-Қазына» АҚ-ның купондық облигацияларын сатып алу нәтижесінде депозиттік қаражат көлемінің азаюына байланысты болған.
Өндірістік көрсеткіштер бойынша шикізат өндіру көлемі біршама төмендегенімен, тасымалдау көрсеткіштері артқан. Жарты жыл ішінде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 606 мың тоннаға азайып, 12 млн 437 мың тоннаны құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 13 млн 43 мың тонна болған.
Табиғи газ өндіру көлемі де 5,73 млрд текше метрден 5,46 млрд текше метрге дейін төмендеді. Ал мұнай шикізатын тасымалдау көлемі 4 пайызға өсіп, 43,28 млн тоннаға жетті.
Дереккөз: forbes.kz

