CaspianLife, 30 шілде. Ақтауда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде 10-қабаттағы пәтердің ашық терезесінің сыртқы жақтауына шығып кеткен бала полицейлердің жедел әрекетінің арқасында аман құтқарылды.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға туралы хабарлама түскен бойда патрульдік полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жеткен. Олар баланың ғимараттың сыртқы жағында тұрғанын анықтап, шұғыл әрекет еткен.
Қауіпті жағдайға қарамастан тәртіп сақшылары кәсіби әрі батыл қимылдап, бүлдіршінді аман-есен құтқарып қалған. Оқиға салдарынан бала зардап шекпеген.
Баланың өмірін сақтап қалуға Ақтау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ержан Көкенов пен Данияр Татиевтің жедел әрі үйлесімді іс-қимылы ықпал еткен.
Дереккөз: Маңғыстау облысы полиция департаменті.

