Көшеновтер отбасының өмірі не жарығы, не жылуы жоқ «Жалаңаш жар» ауылында өтіп жатыр. Тозығы жеткен баспана – Индердің Есбол ауылдық округінен жеті шақырымдық жерде орналасқан жалғыз үй.
Ит өлген жерді мекендеген отбасының туыстары «Қарекет» қорынан көмек сұрапты.
Ғалия ИМАНҒАЛИЕВА, отанасы:
– Біздің осы жерге келгенімізге он жыл болды. Жолдасым осы жерде бұрыннан тұрып келе жатыр. Қуанышқа бөлеп жатқандарға көп-көп рахмет.
Баспана жайлы болмаса тұрмыстың сайлы болмағы қиын. Қанша қиналса да, ешкімге мұң шағып көрмеген қарапайым отбасының жағдайы жерлестерін бей-жай қалдырмапты. Қоғамдық қор да қолдай кетіп, Индербор кентінен екі бөлмелі пәтер сыйлады.
Жанарыс СЫРЫМҰЛЫ, «Қарекет» қорының Атырау облысындағы өкілі:
– Бүгін Атырау облысы, Индер ауданы, Есбол ауылындағы Нұрбек есімді әкемізге «Қарекет» қайырымдылық қорының 265-інші кілтін табыстаған болатынбыз. Отбасының жағдайы төмен болғандықтан көмектесуді парызымыз деп санадық.
Үлкендермен бірге балақайлардың да қуанышында шек жоқ. Олар жаңа көршілерімен танысуға асық.