Республикалық «Таза Қазақстан» алдын алу іс-шарасы жер-жерде жалғасуда. Осыған байланысты атыраулық полицейлер бүгінге дейін 600-ге жуық хаттама толтырған. Бұл туралы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.
– Аталған іс-шараны өткізудегі басты мақсат – экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесу, экологиялық жағдайды жақсарту, облыс тұрғындарына қоршаған ортаға, табиғатқа қамқорлық танытуды түсіндіру. Әсіресе, адамдар көп жиналатын өзен жағалаулары мен демалыс аймақтарына рейдтер ұйымдастырылуда, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Оның айтуынша, су айдындарының жағалауларында ішімдік ішіп, мас күйінде жүруге қатысты 21, жасыл желекті бүлдіру бойынша 28, белгіліленбеген орындарда балық аулауға қатысты 47, рұқсат етілмеген жерде шомылу дерегі бойынша 247, темекі, қоқыс қалдықтарын лақтыру фактілері бойынша 27 заңбұзушылық анықталды. Олардың барлығына 1 242 680 теңге айыппұл салынған.