CaspianLife, 4 маусым. Мемлекеттік рәміздер күніне орай атыраулық ескек есу спортшылары ерекше патриоттық акция ұйымдастырды. Бұл туралы Caspian News телеарнасы хабарлады.
Мереке күні Жайық өзеніне шыққан спортшылар қайықтарына Қазақстанның Мемлекеттік туын орнатып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін көрсетті. Су бетінде желбіреген көк байрақтар тұрғындардың назарын аударып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ескек есу спортының бапкері Данияр Бекшоиннің айтуынша, ұлттық рәміздер – мемлекеттің ең маңызды құндылықтарының бірі.
– Ұлттық рәміздер – еліміздің коды әрі мемлекетіміздің төлқұжаты іспетті. Сондықтан мұндай патриоттық шараларды жиі өткізу қажет, – дейді ол.
Қазіргі таңда Атырауда ескек есу спортымен 100-ге жуық жас тұрақты түрде айналысады. Жыл басынан бері спортшылар үш ірі жарысқа қатысып үлгерген. Оның екеуі – Қазақстан чемпионаты, ал біреуі халықаралық турнир болған.
Нәтижесінде атыраулық ескекшілер 20 жүлдені жеңіп алды. Оның 11-і алтын медаль. Бұл өңірде ескек есу спортының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

