CaspianLife, 3 маусым. Мәжіліс шетелдік интернет-дүкендерден тауар сатып алатындарға қатысты жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, енді шетелдік маркетплейстерден алынған тауарларды рәсімдеу тәртібі өзгереді.
Бұған дейін шетелден тапсырыс берілген тауарлар үшін қосымша құжат рәсімдеу талап етілмейтін. Декларация тек бажсыз әкелу лимитінен асқан жағдайда ғана толтырылатын. Ал жаңа заң қабылданса, шетелдік интернет-дүкендерден жасалған сатып алулар жеке санатқа бөлінеді.
Осыған байланысты «электрондық сауда декларациясы» атты жаңа құжат енгізіледі. Болашақта мұндай декларация әрбір шетелдік интернет-дүкеннен жасалған тапсырыс үшін рәсімделуі мүмкін.
Жаңа талаптарға байланысты көптеген сатып алушылар Қытайдың танымал маркетплейстері бұғатталуы мүмкін деген қауіп білдірген еді. Алайда Қазақстанның Қаржы министрлігі басқа жолды таңдаған.
Digitalbusiness.kz басылымына пікір білдірген салық қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцев Қазақстанда Temu мен Pinduoduo платформаларын жабу жоспарда жоқ екенін айтты.
Оның сөзінше, керісінше, жаңа салықтық өзгерістердің әсерінен бұл платформалардағы тауарлардың бағасы қымбаттауы мүмкін.
«Temu мен Pinduoduo ешқайда кетпейді. Бірақ қосылған құн салығының (ҚҚС) енгізілуіне байланысты жеке тұлғалар үшін де тауарлардың бағасы өседі. Өзгерістер осы жылдың жазынан бастап күшіне енуі мүмкін», – дейді сарапшы.
Айта кетейік, заң жобасы әзірге тек бірінші оқылымда мақұлданды. Жаңа талаптардың нақты қай уақытта күшіне енетіні әзірге белгісіз.

