Caspianlife, 25 мамыр. Парижде өткен Жануарлар денсаулығын қорғау бүкіләлемдік ұйымының (WOAH) 93-ші сессиясында мүше 183 елдің барлығы Қазақстанды ресми түрде вакцинациялау жүргізілетін аусыл ауруынан аман (таза) аймақ деп таныды. Тиісті сертификат қазақстандық делегацияға 22 мамырда табысталды.
Қазақстан Орталық және Шығыс Азияда бүкіл аумағы осындай мәртебеге ие болған жалғыз ел атанды.
Еліміз аусылдан бөлек, жыл сайын жылқының африкалық обасы мен шошқаның классикалық обасы бойынша тұрақтылықты растап келеді, сондай-ақ құстың жоғары патогенді тұмауы мен шошқаның африкалық обасы бойынша өзін-өзі декларациялау деңгейін сақтап отыр.
Жаңа мәртебе шетелдік серіктестердің сенімін нығайтып, қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл мәртебені алу бағытындағы жұмыстар 2024 жылдан бері жүргізіліп келеді. Алдағы бес жылда Қазақстан ет экспортын екі есеге арттыруды жоспарлап отыр.

