CaspianLife, 25 мамыр. Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында жер асты су көздерінен табиғи ауыз су өндіретін «Тетис» зауытының ресми ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Жаңа кәсіпорын тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. «Тетис» суы жер асты көздерінен алынып, ультракүлгін сәуле арқылы залалсыздандырылады. Өнімнің сапасы қазақстандық және халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Су заманауи технологиялармен өңделіп, тұтынушыларға ішуге және тағам әзірлеуге арналған сапалы өнім ретінде ұсынылады.
Қазіргі уақытта зауытта 15-тен астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның іске қосылуы аудан экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасап отыр.
Салтанатты шараға қатысқан Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев өңірде ауыз су мәселесі шешімін тауып келе жатқанын атап өтіп, халықты сапалы ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын айтты.
Ал «Тетис» су зауытының директоры Роза Бітімова кәсіпорынның тарихына тоқталып, өндіріс орны алғаш рет 2016 жылы отбасылық бизнес ретінде құрылғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде кәсіпорын жаңа кезеңге қадам басып, Маңғыстау тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.
Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта өндіріс көлемін кеңейтіп, түрлі шырындар мен сусындар шығаруды жоспарлап отыр.
Зауыт технологы Елена Мухинаның мәліметінше, «Тетис» суының химиялық құрамы адам ағзасына қолайлы деңгейде теңгерілген. Судың жалпы минералдану көрсеткіші 110-120 мг/дм³ шамасында. Құрамында кальций, натрий, сульфаттар, хлоридтер және адам денсаулығына пайдалы өзге де элементтер бар.
Мамандардың айтуынша, судың рН көрсеткіші 6,5-7 аралығында, яғни бейтарап деңгейде сақталған. Сондай-ақ натрий мен кальцийдің үйлесімді құрамы судың жұмсақ болуын қамтамасыз етеді.




