CaspianLife, 19 мамыр. Бүгін, 19 мамыр күні ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен Үкімет отырысы өтіп, авиация саласын дамыту мен цифрландыру мәселелері талқыланды.
Отырыс барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі «Кендірлі» курорттық аймағында салынып жатқан жаңа әуежай құрылысының барысы туралы баяндама жасады. Аймақ басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба Қарақия ауданында, Каспий теңізінің жағалауынан 13 шақырым қашықтықта орналасқан. Жалпы аумағы 599 гектарды құрайтын нысан өңірдің туристік әлеуетін дамытуға бағытталған.
Жобаның жалпы құны 56,9 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда оның 19,9 млрд теңгесі игерілген. Құрылыс алаңында тәулік бойы 215 жұмысшы мен 122 арнайы техника жұмылдырылған. Бүгінде жұмыстардың 32%-ы аяқталған. Өңір әкімі бекітілген кестеге сәйкес әуежайды 2026 жылдың IV тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтты.
«Бірінші кезеңде Q-400, ATR және CRJ типті әуе кемелерін қабылдауға қабілетті 2200 метрлік ұшу-қону жолағы салынуда. Келесі кезеңде инфрақұрылым кеңейтіліп, Airbus A320 және Boeing 737 лайнерлерін қабылдау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Халықаралық және ішкі бағыттарды қоса алғанда, 9 жаңа авиабағдар ашу жоспарлануда», – деп атап өтті Нұрдәулет Қилыбай.

