CaspianLife, 4 мамыр. Астана қаласында өткен пенчак силаттан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында ақтаулық оқушы Күмісбай Жалын жүлделі ІІ орынды иеленді.
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, аталған жарыс ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитетінің ұйымдастыруымен өтті. Елдің әр өңірінен жиналған жас спортшылар бақ сынаған додада Ақтау қаласындағы №31 жалпы білім беретін мектептің 10 «А» сынып оқушысы жоғары шеберлік танытып, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Күмісбай Жалын бүгінде Ақтау қаласындағы «Kazikhanov team» спорт үйірмесінде жаттығады. Бұл оның кәсіби тұрғыда шыңдалып, жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуіне мүмкіндік беріп отыр. Сынып жетекшісі Әсем Сабырованың айтуынша, Жалын бала кезінен спортқа жақын. Ол жаттығуларын үздіксіз жалғастырып қана қоймай, оқу үлгерімін де жоғары деңгейде ұстап келеді.
Айта кетейік, пенчак силат — Индонезиядан, соның ішінде Бантен өңірінен шыққан дәстүрлі жекпе-жек өнері. Аталмыш өнер түрі жауынгерлік тәсілдерді өнер, мәдениет және терең философия элементтерімен ұштастырады. Яғни, бұл қозғалыс арқылы құндылықтарды білдіру тәсілі.

