Caspianlife, 20 сәуір. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды. Жиында Президенттің «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды.
Премьер-министрдің баспасөз қызметі ІІМ-ге сілтеме жасап хабарлағандай, жыл сайын жол-көлік оқиғаларында шамамен 40 мың адам жарақат алады, ал қаза тапқандар саны 2,5 мыңға жуықтайды. 2025 жылы елдегі жолдағы өлім-жітім 10%-ға төмендесе, 2026 жылдың басынан бері 4%-ға азайған.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтуынша, жол апаттарының негізгі себептері – жүргізушілердің тәртіп деңгейінің төмендігі, жол инфрақұрылымының жағдайы (әсіресе қыс мезгілінде) және көліктердің техникалық жай-күйі. Орташа жылдамдықты бақылау жүйелері жеткіліксіз қамтылған. Жол-көлік оқиғаларының 84%-ы елді мекендерде орын алады, ал апаттардың 90%-ына дейін жүргізушілердің кінәсінен болады.
Жыл басынан бері 3 млн-нан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркеліп, 5,5 мың мас жүргізуші ұсталған.
Апаттылықты азайту мақсатында елімізде цифрлық шешімдер енгізілуде. Республика жолдарында 30 мыңға жуық камера орнатылып, құқықбұзушылықтардың 60%-дан астамын тіркейді. Орташа жылдамдықты бақылау жүйелері енгізіліп, бейнебақылау желісі кеңейтілуде. Сонымен қатар «жасырын» патрульдеу тәсілі дамып келеді.
Көліктердің техникалық жағдайын бақылау да күшейтілуде. ІІМ-ге газ-баллон жабдықтары бар көліктерді тексеру талаптарын күшейту, сондай-ақ жүк және жолаушылар тасымалдайтын көліктерді міндетті жарыққайтарғыш таңбасыз техникалық тексеруден өткізбеу ұсынылды.
Жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жүргізілуде: жол белгілері, таңбалар, жарықтандыру және жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылуда. Қала сыртындағы жолдарда түнгі уақытта және қолайсыз ауа райында көрінуді арттыратын лазерлік жүйелер енгізілуде. Қазіргі таңда мұндай жүйелер 11 өңірдегі 22 учаскеде қолданылады.
Сондай-ақ 2026 жылғы 1 шілдеден бастап электросамокаттарды пайдалануға қосымша талаптар енгізіледі. Олардың қатарында міндетті сақтандыру және кикшеринг компанияларына қойылатын талаптарды күшейту бар.
«Үкімет басшысы әкімдіктерге қысқа мерзім ішінде электросамокаттарға арналған тұрақ орындарын анықтап, тиісті инфрақұрылым құруды тапсырды. Атап айтқанда, қозғалысқа тыйым салынған аймақтарды белгілеп, қажетті жол белгілерін орнату, сондай-ақ өңірлік жоспарларда веложолдарды дамыту көзделуі тиіс», — делінген Премьер-министрдің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

