CaspianLife, 8 сәуір. Жайық өзенінің жоғарғы ағысындағы экологиялық жағдай күрт нашарлады. Ресейлік кәсіпорындар жылдар бойы өзенге улы қалдықтар төгіп келгені анықталды. Бұл трансшекаралық өзеннің төменгі ағысында орналасқан Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының тұрғындары үшін тікелей қауіп тудырып отыр.
ФБРК мәліметінше, Ресей Федерациясының табиғат қорғау прокуратурасы Орынбор облысындағы ірі өнеркәсіптік орталықтар — Орск және Новотроицк қалаларындағы зауыттарды тексерді. Дәл осы аймақта Жайық ағынының 70%-ы қалыптасады.
Тексеру нәтижесінде мынадай сұмдық деректер белгілі болды:
-
Шекті нормадан асу: 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында жергілікті зауыттар зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясын (ШРК) жүйелі түрде асырып келген.
-
Жауапсыздық: Кәсіпорындар өзеннің биоресурстарына тигізетін әсеріне ешқандай бағалау жүргізбеген және экологиялық стандарттарды жылдар бойы елеусіз қалдырған.
Сот бұл компанияларды экологиялық шараларды орындауға міндеттегенімен, Ресей ведомстволары нақты зауыттардың атаулары мен суға түскен улы заттардың тізімін құпия ұстап отыр.
Жайық — біртұтас экожүйе. Орынборда суға түскен кез келген қалдық міндетті түрде БҚО мен Атырау облысына жетеді. Қазақстанның Экология министрлігі 17 нүктеде 43 көрсеткіш бойынша мониторинг жүргізгенімен, келетін қауіптің алдын алуға жүйенің қауқары жете ме деген сұрақ туындайды. Ластанған су тек балық шаруашылығына ғана емес, ауыз су сапасына және егістік жерлерге де зор нұқсан келтіруі мүмкін.
Жайықтың тағдыры тек көрші елге ғана байланысты емес. Қазақстан тарапында да өзеннің тамырына балта шауып жатқан факторлар жеткілікті:
-
Карьерлер қаупі: Жағалаудағы 640 мың шаршы метрден астам жер жеке тұлғаларға құм мен қиыршық тас өндіру үшін берілген. Бұл экожүйенің тепе-теңдігін бұзады.
-
Бұқарка тармағының жойылуы: Жайылмаларды құрылысқа беру және жол салу салдарынан үш ғасыр бойы тасқын суды Каспийге жіберіп келген Бұқарка тармағы жер бетінен жоғалды.
Ресей прокуратурасы жоғары ағыстағы заңбұзушылықтарды енді ғана тіркей бастады. Алайда, Батыс Қазақстан өңірінің мұндай ауқымды ластануға қарсы қандай тосқауыл қоятыны әлі де белгісіз. Жайық — екі елге ортақ аманат, бірақ оның бүгінгі халі «экологиялық апат» деңгейіне жақын тұр.

