Caspianlife, 21 қаңтар. Қазақстандағы ең ірі Теңіз кен орнында 18 қаңтарда болған апаттан кейін мұнай өндіру тағы 7–10 тәулікке тоқтауы мүмкін. Бұл Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесі арқылы экспортталатын мұнай көлемінің қысқаруына әкелуі ықтимал.
Бұл туралы саладағы үш дереккөзге сілтеме жасап Reuters ақпарат агенттігі хабарлады. Теңіз кен орнын игеруші «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы дүйсенбі күні электрмен жабдықтаудағы ақауларға байланысты Теңіз және Королевское кен орындарында өндіріс тоқтатылғанын мәлімдеген. Ал 18 қаңтар күні «ҚазМұнайГаздың» (ҚМГ) дерегіне сәйкес, Теңіздегі ГТЭС-4 нысанында GT-9.3 және GT-9.5 турбиналарының трансформаторлары өртенген.
«ТШО кем дегенде осы аптаның соңына дейін тоқтап тұр, алайда бұл жағдай ақпан айына дейін созылуы мүмкін», — деді Reuters дереккөздерінің бірі.
Сондай-ақ дереккөздер апат салдарынан ТШО қаңтар–ақпан айларында КҚК арқылы айдалуы тиіс болған бес мұнай партиясын (шамамен 600–700 мың тонна) тоқтатқанын айтты.
ТШО баспасөз қызметі сейсенбі күні Reuters агенттігінің сауалына жазбаша жауап беріп, «сақтық шарасы ретінде» Теңіз бен Королевское кен орындарында өндіру уақытша тоқтатылғанын растады. Алайда өндірістік нысандардағы өрттің нақты себебі мен мұнай өндірудің қашан қайта басталатыны айтылмады.
Қаңтардың алғашқы 12 күнінде Қазақстанда мұнай өндіру КҚК арқылы экспорттың шектелуіне байланысты желтоқсанмен салыстырғанда 35%-ға төмендеген. Дегенмен кейінгі күндері Каспий аймағындағы ірі кен орындары — Қашаған мен Қарашығанақта өндіріс қайта өсе бастаған.
Мәселен, 1–19 қаңтар аралығында Қашаған тәуліктік өндірісті 1–12 қаңтармен салыстырғанда орта есеппен 28%-ға арттырып, 197 мың баррельге жеткізді. Қарашығанақта бұл көрсеткіш 21%-ға өсіп, 156 мың баррель болды. Ал осы кезеңде Теңіздегі өндіріс те 6%-ға ұлғайып, тәулігіне 360 мың баррельге жеткен.
Алайда Қарашығанақ (KPO) және Қашаған (NCOC) кен орындарының операторлары Reuters агенттігінің пікір сұрауына жедел жауап берген жоқ.
«NCOC пен KPO Теңіздегі тоқтауды ішінара өтеп отыр, бірақ бірнеше күннен кейін КҚК мұнай айдау көлемін азайта бастайды», — деп қауіптенеді трейдер.
(Reuters ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша)

