Caspianlife, 19 қараша. Теңіз кен орнында газ сепарациялық кешеннің (ГСК) алғашқы қазықтарын қағу жұмыстары бүгін басталды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жылына 9,1 млрд м³ құрғақ газ өңдеуге қауқарлы ірі кәсіпорынның құрылысы – еліміздің мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудағы маңызды кезең. Жалпы, толықтай қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын 22 мыңға дейін қазық орнату жоспарлануда.
Жоба «Silleno» полиэтилен зауытын жылына 1,6 млн тоннаға дейін этанмен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ ГСК жылына 360 мың тоннаға дейін пропан өндіретін болады. Бұл фракциялар «Теңізшевройл» ЖШС-нен келетін тазартылған құрғақ газдан алынады.
ГСК жобасын іске асыру тұрақты шикізат базасын қалыптастыруға және қосылған құны жоғары өнім өндірісін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысы белгілеген мұнай-газ химиясы кластерін және бейресми экспортты дамыту жөніндегі стратегиялық басымдықтарға толық сәйкес келеді. Жобаны жүзеге асыру барысында қазақстандық кәсіпорындарды, өндірістік сервистерді және білікті кадрларды кеңінен тарту арқылы жергілікті үлесті арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Жоспар бойынша отандық өндірушілердің өнімдері ауқымды көлемде пайдаланылмақ: 1 млн 193 мың м³ инертті материал, 27 мың тоннадан астам металл конструкциялар, сондай-ақ қазақстандық өндірушілерден негізгі электр техникалық жабдықтарға (7 модульді подстанция, 62 трансформатор, 220 кВ ашық тарату құрылғысы) және ірі габаритті жабдықтарға (пропан сақтауға арналған горизонталды буллиттер және 4 ірі технологиялық колонна) тапсырыс беріледі.
Жоба айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық әсерге ие. Құрылыс шыңында Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындары арасынан 3 500-ге дейін уақытша жұмыс орны, ал тұрақты түрде 400 жұмыс орны құрылады. Өндірісті іске қосу 2028 жылдың соңына жоспарланып, 2029 жылы кешен толық пайдалануға беріледі.
Кешеннің негізгі технологиясы – сұйытылған көмірсутек газдарын өңдеу және бөліп алу бойынша әлемдік жетекші саналатын америкалық Honeywell UOP компаниясының шешімдеріне негізделген.
«ҚазМұнайГаз» анықтамасы:
Газ/сепарациялық кешен құрылысы жобасын «KMG PetroChem» ЖШС (ҚМГ ҰК АҚ еншілес компаниясы) жүзеге асыруда. Құрылыс италиялық Tecnimont S.p.A. (Maire тобы) жетекшілік ететін халықаралық консорциуммен бірге жүргізілуде. Консорциум құрамына Consolidated Contractors International Company (CCIC, Ливан) кіреді.

