Атыраудағы жалпы аумағы үш шақырым болатын Амандосов көшесін қайта жаңғырту жұмыстары осы жылдың маусым айында басталып, қала сыртынан қатынайтын көліктерді біраз әбігерге салған еді.
Жол құрылысы бірнеше участокке бөлінген. Мәселен, осыған дейін Еркінов–Бергалиев көшесі аралығындағы құрылыс аяқталса, енді жұмысшы топ Амандосов–Бергалиев көшелерінің қиылысындағы айналма жолдан бастап теміржол көпірінен кейінгі 30 метрге дейінгі аралықты жөндеуге кірісті.
Жұмысшы топ 14 күн ішінде ескі асфальт жабындысын алып, Еркінов көшесінен бастап теміржол көпіріне дейінгі жолдың енін 22 метрге ұлғайтты. Енді автокөлік жолы 6 жолаққа дейін кеңейтіліп, бағдаршамға бағынбайтын оң жақты бұрылыс пайда болады.
Осылайша ұзақ мерзімді қажет ететін ірі жоба бөлек-бөлек ретпен жалғаса бермек.
Өткен аптада жауын-шашынға байланысты жол салу жұмыстары уақытша кідіргенмен, қазір бұл аумақтағы жөндеу қайтадан қарқын алды. Жолдың құрылысы тамыз айының 20-сына дейін толықтай аяқталмақ.
Жалпы, Амандосов көшесін қайта жаңғырту барысында 5 315 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы мен 6 аялдама қарастырылған. Жоба бойынша 177 жол белгісі мен 132 баған, және 179 көше шамы орнатылады.