Caspianlife, 9 қазан. Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттік органдардың, Шекара қызметінің, Сыртқы істер министрлігінің, ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің басшыларымен, шекаралас өңірлердің әкімдерінің орынбасарларымен және Мәжіліс депутатының қатысуымен жедел кеңес өткізді.
Талқылау тақырыбы – «Ресей Федерациясына кіреберістегі өткізу пункттерінде жүк көліктерінің жиналуы және жүргізушілердің Ресейдің жаңа көші-қон заңнамасына байланысты шағымдары» болды.
Аталған мәліметке сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейде шетел азаматтарының ел аумағында тіркеусіз болу мерзімін реттейтін жаңа заң күшіне енді. Енді олар жыл ішінде, елге неше рет кіріп-шығуына қарамастан,Ресейде 90 күннен артық бола алмайды. Бұған дейін бұл мерзім жылына 180 күн еді. Бұл шектеулер халықаралық жүк және жолаушы тасымалдаушыларға да қолданылады. Сонымен қатар Ресей мен Беларусь бір Одақтық мемлекет болғандықтан, осы екі елдің аумағында болу уақыты қосылып есептеледі. Демек, жүргізушінің Беларусьтегі жүрген уақыты Ресейде болған күндермен бірге есептеледі, бұл олардың елде болу мерзімін едәуір қысқартады.
Бұл норма Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де визасыз елдерге қатысты қолданылады.
Сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, егер шетел азаматы тұруға рұқсат, уақытша тұруға өтініш немесе өзге де рұқсат құжаттарын алған болса, онда бұл шектеу есепке алынбайды және лимит тоқтатылады.
Қазақстанда шетел азаматтарының тіркеусіз болу мерзімі жарты жылда 90 күн болып белгіленген және бұл шектеу халықаралық жүк және автобус тасымалдарын орындайтын жүргізушілерге қолданылмайды, бұл халықаралық тәжірибеге сай келеді.
«Жағдайды Ресей тарапынан қыркүйек айынан бері жүргізіліп жатқан “сұр импортты” анықтауға бағытталған рейдтік шаралардың басталуы қиындатты. Қосымша тексерулерге байланысты кейбір өткізу пункттерінде жүк көліктерін қарау уақыты ұзарды», — делінген хабарламада.
Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы атап өткендей, жаңа көші-қон ережелері тек халықаралық тасымалдаушыларға ғана емес, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасындағы жүргізушілерге де әсер етті. Олардың көбі Ресейде болу лимитін тауысып қойған және жаңа жыл басталғанша рейске шыға алмай отыр. Ал белгіленген 90 күндік мерзімді асырып жіберген кейбір жүргізушілер ұсталып, елден шығу туралы хабарлама алған.
Қазіргі таңда қазақстандық тарап ресейлік әріптестерімен түрлі деңгейде келіссөздер жүргізіп жатыр. Екі күн бұрын, 7 қазанда, Серік Жұманғарин бұл мәселені Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен кездесуде көтерді. Тараптар туындаған қиындықтарды бірлесіп және жедел шешуге дайын екенін білдірді.
«Еуразиялық экономикалық комиссияға (ЕЭК) қалыптасқан жағдайды сыртқы саудаға кедергі келтіретін тосқауыл ретінде тану туралы ресми өтініш жолданды. Бұл мәселе 13 қазанда ЕЭК алаңында, ал 7 қарашада – Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 26-отырысында қаралады», — деп хабарлады ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
Анықтама үшін:
Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей шекарасында 30 автокөлік өткізу пункті жұмыс істейді. 2024 жылы олар арқылы 14,3 миллион адам, 3 миллион жеңіл және 2 миллион жүк көлігі өткен.
Жүк көліктері үшін ең ірі өткізу пункттері – Сырым, Қайрақ, Жайсан, Қосақ, Ауыл, Құрманғазы және Жаңа жол.