Жайықтың Еуропа жағалауындағы саябақтың құрылысы аяқталуға жақын. Мұндағы жөндеу жұмыстары 2018 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ал нысанды қыркүйектің соңында тапсыру жоспарланған.
Жаңа демалыс орнында үш субұрқақ болмақ, оның бірі – қалқымалы фонтан. Ресейлік өнімді орналастыру үшін соңғы үлгідегі технология пайдаланылған. Мамандардың сөзінше, өзен суының деңгейі фонтандарға еш кедергі келтірмейді.
Жанболат ОМАРОВ, учаске басшысы:
– Субұрқаққа судың деңгейі әсер етпейді. Жайықтың суы арнайы орналастырылған фильтр арқылы өтеді. Сорғыларға ешқандай кедергі келтірмейді. Субұрқақ зәкірлермен мықтап бекітілген.
Су бетіндегі фонтанға күннің салқындығы да кедергі емес. Күн суыған бойда бөлшектеліп, көктемге дейін сақтаулы тұрады. Жаңа саябақ өзінің әдемілігімен қатар пайдалылығымен де қуантпақ. Мұнда жүгіру жолақтары мен велосипед жолы, тіпті, скейт-парк та бар.
Күлән ҚҰЛБАЕВА, Атырау облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
– Сонымен қатар, шағын архитектуралық мүсіндер, көлеңке қалқалары, балалар алаңдары, орындықтар жасалып, әр түрлі ағаштар егілетін болады. Қазірдің өзінде жұмыстың 95 пайызы жасалды.
Жұмысқа тартылған 100 шақты құрылысшыға енді тас төсеп, ескі субұрқақты қайта құру ғана қалды.