CaspianLife, 22 шілде. Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Грузияның Экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квиривишвилимен кездесу өткізді.
Грузия делегациясының ресми сапары аясында өткен бұл кездесу энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге арналды.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ерлан Ақкенженов ханым Квиривишвилиді жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, оның басшылығымен екі ел арасындағы экономикалық байланыстар жаңа серпін алатынына сенім білдірді. Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендерін растады. Олар энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың экономикалық тұрақтылықтың тірегі әрі өңірлік интеграцияның маңызды факторы екенін атап өтті.
Министр Ерлан Ақкенженов қазақстандық көмірсутек ресурстарын жеткізу бағыттарын әртараптандыру үшін грузин бағытының стратегиялық маңызын атап өтті.
«Біз Грузияның көлік инфрақұрылымының сенімділігі мен тұрақтылығын жоғары бағалаймыз. 2024 жылы Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы 1,4 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданды, ал биыл бұл көлемді 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – деді министр.
Кездесу барысында тараптар Грузиядағы қазақстандық активтердің, атап айтқанда Батуми теңіз порты мен Батуми мұнай терминалының қазіргі жұмысы мен даму перспективаларын талқылап, олардың өңірлік логистикадағы рөліне ерекше тоқталды.
Сондай-ақ кездесуде «жасыл» энергетика саласындағы болашағы зор жобаларға ерекше назар аударылды. Тараптар Қазақстанның Әзербайжан және Өзбекстанмен бірге жүзеге асырып жатқан Транскаспий энергетикалық дәлізін құру жобасы мен Грузияның Қара теңіз арқылы жоғары кернеулі кабель тарту жобасын үйлестіру мүмкіндігін талқылады. Екі елдің Орталық Азияны Еуропамен байланыстыратын бірыңғай энергетикалық артерия құруға мүдделі екені атап өтілді.
Кездесу соңында энергия ресурстарын тасымалдаудың тиімділігін арттыру және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайту мақсатында белсенді диалогты жалғастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар екі ел ұзақмерзімді және өзара тиімді серіктестік үшін берік негіз құруға дайын екенін растады.