Карантиннің қатаң талаптары атыраулық шаруаларға да әсер еткені анық. Дегенмен алғашқы жиын-терін жаман емес, қала аумағындағы шаруа қожалықтарынан 12 500 тоннадан астам өнім алынды.
Хасан Жұматаев бұл іске жақындары мен балаларын баулыған. Егін егудің қыр-сырын меңгерген ол тамшылап суару әдісін қолға алыпты.
Хасан ЖҰМАТАЕВ, шаруа:
– Карантинге байланысты басында кішкене қиындау болды. Тұқым алуға, жанармай алуға қалаға бара алмадық. Жібермей жатты. Қажетті тыңайтқыштарды уақытында ала алмай қалдық. Барлығы кеш келді. Оның үстіне, базарлардың жабылып қалғаны тағы бар.
Шаруалар тынымсыз еңбектері еш кетпесін деп тізе бүкпестен жұмыстанады. Бірақ оңтүстік өңірден келген өнімді таңдап, жергілікті өнімге күмәнмен қарайтындар да бар екен.
Ал әкімдіктегілер барынша қолдау көрсетіп, базарлардан арнайы орын бөлгендерін айтады. Бұдан бөлек супермаркеттермен де келісім орнап жатқан көрінеді.
Руслан ДАВЛЕТОВ, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
– Биылғы мына карантин шараларына байланысты көптеген кәсіпкер субьектілерінде қиындықтар бар. Себебі, ресторан, кафелердің жабық болуына орай өтпей жатыр. Былтырғы көрініс жоқ.
Айта кетейік, қала аумағында 326 шаруа қожалығы тіркелген. Дәл қазіргі уақытта олардың бәріне бірдей қол ұшын созу мүмкін емес. Мамандар карантин талаптары жеңілдеген соң бұл мәселе де шешімін табады деп отыр.