Caspianlife, 2 мамыр. Жылыой ауданының әкімшілік орталығы Құлсары қаласында 50 жастан асқан тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған «50+ ешқашан кеш емес» әлеуметтік жобасының екінші маусымы басталды.
Іс-шараға Жылыой ауданы әкімдігі, «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) және үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдері қатысты.
Бұл бастама – «Жаңаша» қоғамдық қорының жобасы. Ол былтыр «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында іске қосылып, Құлсары зейнеткерлерінен оң пікір алған болатын. Биыл жобаға қайтадан демеушілік қолдау көрсетіліп отыр. Сонымен қатар, Жылыой ауданының әкімдігі де жобаның жүзеге асуына қолдауын жалғастыруда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл хореография, вокал, ағылшын тілі және йога секілді тұрақты тегін топтық үйірмелерге скандинавиялық жүріс сабақтары қосылған. Сонымен қатар, қаржылық, құқықтық және компьютерлік сауаттылық сынды маңызды тақырыптар бойынша бір реттік оқыту сабақтарын өткізу жоспарланып отыр.