CaspianLife, 11 сәуір. Кеше Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов үш жасар Дінмұхаммед Жұмажан мен оның ата-анасымен кездесті. Атырау қаласындағы Ораза айт мейрамы кезінде шағын аудандағы тазалықты өз еркімен қолға алған кішкентай Дінмұхаммедтің видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, жұртты тәнті етті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Серік Шәпкенов баланы тәрбиелегені үшін ата-анасына алғыс білдіріп, оның қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының алғыс сөзі жазылған Президент Әкімшілігі басшысы Айбек Дадебаевтың хатын табыстады.
— Кейде бір әрекет мың сөзден артық әсер етеді. Дінмұхаммед әлі кішкентай болса да, оның ісі бәріміздің жүрегімізді елжіретті. Ол бұл әрекетті біреуден көріп емес, отбасынан алған тәрбиенің негізінде, тазалық пен тәртіптің маңызын түсініп жасады. Бұл – тек отбасылық тәрбиенің ғана емес, шынайы патриотизмнің көрінісі. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы уақытша шара емес, әр азаматтың өмір салтына айналуы тиіс екенін дәлелдейтін әрекет. Кішкентай Дінмұхаммедтің ісі — әрқайсымыздан басталатын тазалықтың белгісі, — деді С. Шәпкенов.
Дінмұхаммедтің әкесі Ержан Хайрушев:
— Микроаудан тұрғындары болып Ораза айт мерекесін кең көлемде атап өттік. Ұлымның әрекетін тұрғындардың бірі видеоға түсіріп, интернетке жүктеген еді. Ұлым кеш сөйлей бастады, сондықтан оны балабақшаға бердік. Мүмкін, ол жақта үйренген болар. Біздің отбасымызда да тазалықты жақсы көреміз, сенбіліктерге қатысып тұрамыз. Ұлымның нағыз отансүйгіш азамат болып өскенін қалаймын, — деді.
Кездесу соңында облыс әкімі Дінмұхаммедке естелік сыйлықтар тапсырып, ата-анасына алғыс айтты. Әкімдік баспасөз қызметі Атырауда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының белсенді жүзеге асып жатқанын еске салды. Сондай-ақ, биылғы жылы өңірлерді көгалдандыру жөніндегі Жоспар аясында 63 гектар жерге 145 700 түп ағаш отырғызу көзделген.