Caspianlife, 8 сәуір. Наурыз айында «Enbek» электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) 80,2 мың бос жұмыс орны мен 95,3 мың түйіндеме жарияланды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, ақпан айымен салыстырғанда жұмыс берушілер тарапынан да, жұмыс іздеушілер тарапынан да белсенділік төмендеген: бос орындар саны 34%-ға, түйіндеме саны 28%-ға қысқарған.
ЭЕБ деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың наурыз айында еңбек нарығында біліктілік деңгейі бойынша сұраныс пен ұсыныс арасында теңгерімсіздік сақталуда: жоғары білікті мамандарға арналған бос жұмыс орындарының үлесі – 37%, ал мұндай біліктілікке ие мамандардан ұсынылған түйіндеме – тек 32%. Ал біліктілігі жоқ жұмысшыларға сұраныс – 14%, ал олардың тарапынан ұсыныс – барлық түйіндеменің 28%-ын құрайды.
Өңірлік тұрғыдан алғанда, ақпанмен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны ең көп азайған өңірлер:
-
Шығыс Қазақстан облысы – 12,9 мыңнан 4,5 мыңға дейін (65%-ға азайған),
-
Ақтөбе облысы – 3,8 мыңнан 2,7 мыңға дейін (-28%),
-
Атырау облысы – 3,5 мыңнан 3,1 мыңға дейін (-12%).
Ұсыныс тарапынан да белсенділік төмендегені байқалады. Ең көп қысқару:
-
Алматы облысы – 10,2 мыңнан 7 мыңға дейін (-31%),
-
Атырау облысы – 7,4 мыңнан 5,8 мыңға дейін (-22%),
-
Ақтөбе облысы – 6 мыңнан 5 мыңға дейін (-17%).
Ал Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіштер шамалы ғана төмендеген (шамамен 15%-дың ішінде).
Ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында:
-
PR-менеджерлер (3,9 мың бос жұмыс орны),
-
Медбикелер/медбраттар (1,7 мың),
-
Санитарлар (1,6 мың) болды.
Сондай-ақ:
-
Автобус жүргізушілеріне (+302 бос орын),
-
Мерчендайзерлерге (+253),
-
Сатушы-кеңесшілерге (+189) сұраныс артты.
Ең жоғары жалақы ұсынылған мамандықтар:
-
Бас құрылысшылар – орташа 709 мың теңге,
-
Скважина жөндеу шеберлері – 700 мың теңгеден,
-
Бұрғылау инженері – 597 мың теңгеден жоғары.
Ізденушілердің жалақыға қатысты ең жоғары күтулері:
-
Өнеркәсіптік жабдықтар жөніндегі механик – орташа 1,6 млн теңге,
-
IT саласындағы ғылыми қызметкер – 1,4 млн теңге,
-
Өнімді әзірлеу жобаларының жетекшісі – 1,3 млн теңге.
Осылайша, ЭЕБ деректеріне сәйкес, наурыз айында бос орындар мен түйіндемелер саны қысқарды, сонымен бірге еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық ұлғайды.