Caspianlife, 1 сәуір. Кеше Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында азаматша Н., азаматша А. және кәмелетке толмаған Х.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралды. Олар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша жауапқа тартылды.
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының хабарлауынша, 2025 жылғы 23 наурызда азаматшалар Н., А. және кәмелетке толмаған Х. Атырау қаласындағы мұз сарайында Қазақстан Республикасының туы мен араб жазуы бейнеленген жалаудың алдында суретке түсіп, оны әлеуметтік желілерде таратқан. Бұл әрекет ұсақ бұзақылық деп танылды. Олардың кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, фотосурет, рапорт және істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді.
Соттың түсіндіруінше, ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
«Соттың қаулысымен құқық бұзушылар ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Азаматша Н.-ға қатысты ауырлататын мән-жайлар (кәмелетке толмағанды әкімшілік құқық бұзушылыққа тарту; құқық бұзушылықты топ болып жасау) ескеріле отырып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Азаматша А.-ға 78 640 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Ал кәмелетке толмаған Х.-ның заңды өкіліне 39 320 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ», – делінген соттың баспасөз хабарламасында.