CaspianLife, 31 наурыз. Атырау кәсіпкерлеріне электронды шот-фактуралар жүйесіндегі кемшіліктер салдарынан айыппұл салынуы мүмкін. Бұл мәселе Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы сауда саласы бойынша салалық кеңестің кезекті отырысында қаралды.
Отырыста Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) өкілдері 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанда тауарға ілеспе жүкқұжат рәсімдеу міндетті екенін еске салды.
Яғни, тауарға ілеспе жүкқұжат (ТІЖ) алушысы электронды шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде (ЭШФ АЖ) тіркелген күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде оны растауы немесе қабылдамауы қажет. Егер тауар кез келген көлік түрімен жеткізілсе, онда бұл рәсім 20 жұмыс күнінен кешіктірілмей орындалуы тиіс.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаеваның айтуынша, ТІЖ-ні уақытылы растау немесе мүлде растамау ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 283-1-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Бұл бизнес субъектілеріне 10-30 АЕК көлемінде айыппұл салуды қарастырады, ал қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері екі есе өседі. Осыған байланысты шағын бизнес өкілдері бірқатар қиындықтарға тап болды.
«Жеке кәсіпкерлер (ЖК) бөлшек салық режиміне көшкеннен кейін алкогольге ТІЖ-ні ЭШФ АЖ жүйесінде растауға міндетті. Бірақ ТІЖ-ні растау кезінде жүйеде «ТІЖ растауды қажет етпейді» деген қате шығады. Соның салдарынан көптеген ЖК ТІЖ-ні уақытында ұсынбаған салық төлеушілер тізіміне еніп, 283-1-бапқа сәйкес айыппұл қаупіне ұшырады. Біздің сұрағымыз: неге ЖК режимі өзгерген кезде ЭШФ АЖ автоматты түрде жаңармайды? Неге әр дүкен салық комитетіне жеке өтініш жазып, өзінің режимін өзгертуге мәжбүр? Бүгінде ЭШФ АЖ-дағы осы қателік салдарынан адал кәсіпкерлер жазықсыз айыппұл төлеу қаупінде», — деді «Үй жанындағы дүкендер» өкілі Ляззат Досмағамбетова.
МКД өкілдері бұл мәселе туралы хабардар екенін және тиісті ведомствоға сұраныс жібергендерін жеткізді.
«Бұл талап енгізілген сәттен бастап біз кәсіпкерлер арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Дегенмен, салық заңнамасына енгізіліп жатқан өзгерістерге байланысты жүйе үнемі жетілдіріліп, жаңартылып отырады, осыған байланысты осындай олқылықтар орын алуда. Біз Мемлекеттік кірістер комитетіне хат жолдадық. Ал әзірге ЭШФ жүйесінің ақауына байланысты ТІЖ-ні уақытында ұсына алмаған адал кәсіпкерлерге айыппұл салынбайтынын атап өткім келеді», — деді Атырау облысы МКД жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Арлан Бурумбаев.
Өз кезегінде, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені «Атамекен» ҰКП қарауына ұсынатынын мәлімдеді.
🔗 Дереккөз: www.caspianlife.kz
Сурет: CaspianLife редакциясы