CaspianLife, 17 наурыз. «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсанов Атырау облысындағы Қашаған кен орнында салынып жатқан газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылыс барысын қайта тексерді.
«QazaqGaz» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Kazakh Construction Group консорциумы басшылығына құрылыс қарқынын жеделдету, кадрлық ресурстарды арттыру және маңызды жабдықтарға тапсырыстар беру тапсырылды.
«Жабдықтарды монтаждау екі ауысымда жүргізілуде, бұл жұмыстың қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта салмағы 170 тонналық абсорбциялық колонна және ES-0701 түтін мұржасының екінші деңгейі орнатылды. Жалпы, механикалық жабдықтарды орнату 15,6%-ға аяқталды. Құрылыс алаңында 1 078 адам мен 189 техника жұмыс істеуде. Қауіпсіздік стандарттарын сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде», – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі атап өткендей, Қашағандағы ГӨЗ құрылысы QazaqGaz компаниясының газ өңдеу саласын дамыту және елдің энергетикалық тиімділігін арттыру стратегиясының бір бөлігі болып табылады.