Caspianlife, 4 наурыз. Кеше «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Маңғыстау мұнай құбыры басқармасына қарасты «Қаражанбас» мұнай айдау станциясының (МАС) аумағында итбалықтың күшігі табылды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлсіз күйдегі бұл кішкентай жануар жағалаудан бірнеше шақырым қашықтықта болған, ал оның мұнай айдау станциясына қалай тап болғаны белгісіз.
«-Теңіз станциядан шамамен 5 км қашықтықта орналасқан, бірақ итбалықтың күшігі үшін бұл едәуір алыс қашықтық. Сірә, ол қарлы бораннан адасып, кері жолды таба алмай қалған болар», — дейді «Қаражанбас» мұнай айдау стансасы жұмысшылары — бақылау-өлшеу құралдары және автоматика слесары Шыңғысхан Ташібай мен электрик Рахат Ғизатуллин.
Станция қызметкерлері итбалықтың күшігін жағаға жеткізіп, оны табиғи ортасына – теңізге жіберді.
«Қаражанбас» мұнай айдау станциясы – «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының құрылымдық бөлімшесі. Станция Бозашы түбегіндегі кен орындарының мұнайын «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» магистральді мұнай құбыры арқылы тасымалдауды жүзеге асырады.