CaspianLife, 3 наурыз. Бұл туралы Торонто қаласында (Канада) өткен PDAC-2025 геология және тау-кен өнеркәсібі саласындағы әлемдегі ең ірі көрме барысында мәлімделді.
«KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға қазақстандық және халықаралық компаниялардың өкілдері, инвесторлар мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Негізгі баяндамалардың бірін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Габидулла Оспанкулов жасады.
Панельдік сессия барысында Қазақстанның шетелдік инвестицияларды тарту бойынша стратегиялық бастамалары, тау-кен өнеркәсібіндегі жеткізілім тізбегін дамыту және қолайлы бизнес-климатты қалыптастыру мақсатында ұлттық заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.
Қазақстандық делегация пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеу саласындағы перспективалы жобаларды, сондай-ақ шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау тетіктерін таныстырды. Ерекше назар инфрақұрылымды дамыту, реттеуші талаптарды жетілдіру және жаһандық жеткізілім тізбегі аясында жаңа әріптестік мүмкіндіктеріне аударылды.
«Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орында және табиғи ресурстарды игеру бойынша айтарлықтай әлеуетке ие. Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, ел аумағында 5000-нан астам зерттелмеген сирек және сирек кездесетін металдар кен орындары бар, олардың жалпы құны 46 трлн АҚШ долларынан асады. Қазақстан бүгінде 34 маңызды шикізат түрінің басым бөлігін өндіріп отыр, ал 2029 жылға қарай пайдалы қазбалар өндіру көлемін 40%-ға арттыруды жоспарлауда. Ғаламдық деңгейде стратегиялық металдарға сұраныстың артуы жағдайында Қазақстан халықаралық компаниялар үшін сенімді әріптес болып қала береді», – деп атап өтті ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Габидулла Оспанкулов.
Талқылаулар барысында қатысушылар жоғары технологиялық салалар үшін аса қажетті сирек жер элементтері, мыс, литий және уран өндірісін дамыту перспективаларын қарастырды. Қазақстан шикізатты қайта өңдеуге және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға инвестиция тартуды жалғастырып, тұрақты жеткізілім тізбегін қалыптастыру және жаһандық нарыққа интеграциялану бағытында жұмыс істеп келеді.
Көрме аясында қазақстандық делегация Teck Resources, First Quantum Minerals, Cameco, Major Drilling, Nutrien және BHP сынды жетекші халықаралық компаниялардың өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізіп, барлау және өндіру, технологиялық даму, шикізатты қайта өңдеуге инвестиция салу және өндірісті жергіліктендіру мәселелерін талқылады.
PDAC-2025 Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі инвестициялық әлеуетін таныстыру және халықаралық серіктестермен жаңа іскерлік байланыстар орнату үшін маңызды алаңға айналды. Қазақстандық делегация көрме аясында бизнес өкілдерімен кездесулерін әрі қарай жалғастырып, алдағы күндері екіжақты келіссөздер өткізуді жоспарлап отыр.