Caspianlife, 26 ақпан. Қадағалау органы балалардың мүддесі үшін қарыздарды өндіру бойынша сот актілерін орындау кезеңінде жеке сот орындаушылары (ЖСО) тарапынан заң бұзушылықтарды анықтады. Олар борышкерлермен қарым-қатынаста өз өкілеттіктерін асыра пайдаланған.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Маңғыстау облысында жеке сот орындаушысы 200 мың теңге үшін алимент төлеуден жалтарған борышкердің елден шығуына қойылған тыйымды алып тастаған. Ол үшін өндіріп алушының өтінішін қолдан жасап, жалған құжат әзірлеген. Нәтижесінде, 1,6 миллион теңге алимент төлемеген борышкер Өзбекстан мен Араб Әмірліктерінде еш кедергісіз демалып қайтқан.
Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Сотта ЖСО заңсыз сыйақы алғанын және өкілеттігін теріс пайдаланғанын толық мойындады.
«2024 жылы прокурорлық тексерулердің нәтижесінде он жеке сот орындаушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тағы алты тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, ал үш қылмыстық іс сот қарауында», – делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарламасында.