Бетперде тағу бәріне міндеттелді. Кез келген қоғамдық орында, атап айтқанда, саябақта, жағалау мен көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында, дүкендерде, сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен әуежайларда заңды бұзсаңыз, 83 340 теңге айыппұл төлейсіз.
Гүлназ ИРБАТЫРОВА, Атырау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментінің бөлім басшысы:
– Дүкен, дәріхана сияқты өз қажеттіліктеріне қарай шыққан кезде, яғни, ашық ауада да бетперде кию міндетті. Бір адам үш рет маска тақпай ұсталса, 3 рет айыппұл төлейді. Ал сол жағдай 4-інші рет қайталанса, істі сот қарайтын болады.
Тамақтану орындарында бетпердені шешіп қоюға болады. Бұл ереже спортпен айналысатындарға да қатысты. Алайда мұнда арақашықтық сақтау міндеттеледі. Ал көлікте бір отбасының мүшелері болған жағдайда және 5 жасқа дейінгі балаларға маска тақпауға рұқсат етілген. Сондай-ақ, медициналық қарсы көрсетілімі бар азаматтарға да бетпердесіз жүруге болады. Бірақ нақты қай көрсетілім екендігі қаулыда жазылмағандықтан министрлік те, денсаулық сақтау басқармасы да ашып айтпады.